Қапшағай жағажайларына бейнебақылау камералары орнатылды
Қонаев қаласындағы жағажайлар қатаң бақылауға алынды.

Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, №6 жағажайда 40 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Барлығы сенімгерлік басқарушы компаниямен келісімшарт жасап, жалға алған аумақты күтіп ұстау бойынша нақты міндеттемелерді алған.
Олар күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізуге, тапшандарды дезинфекциялауға, қоқыс жәшіктері мен жарық орнатуға, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.
– №6 жағажайда 45 қоқыс жәшігі, 10 контейнер және үш әжетхана орнатылған. Тазалыққа 30 жұмысшы мен 2 арнайы техника жауапты. Қауіпсіздікті 10-нан астам құтқарушы қамтамасыз етіп отыр, медицина қызметкерлері кезекшілік етеді, бейнебақылау камералары орнатылған. Мониторинг күн сайын жүргізіледі, — деп хабарлады қалалық ТҮКШ бөлімінен.
Жағажай аумағында тәртіпті сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖБ мен полиция қызметкерлері тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Күн сайын жағажайларға 4–7 мың адам келеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш әр жағажайда 2–3 есеге дейін артады.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нариман Орынбасарұлының айтуынша, Қапшағай су қоймасынан ай сайын су сынамасы алынып, зертханалық сараптамалар жүргізіледі.
– Қорытындысы - қанағаттанарлық, су санитарлық талаптарға сай келеді, шомылуға рұқсат, – деді ол.
Жағажай маусымы басталғалы қоғамдық орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша 35 әкімшілік хаттама толтырылып, азаматтарға жалпы сомасы 1 376 200 теңге айыппұл салынған.