Қарақалпақстандағы көтерілісті сыртқы күштер жылдар бойы дайындап келген – Мирзиёев

7 Шілде 2022

Қарақалпақстанда шілде айының басында орын алған тәртіпсіздіктерді Өзбекстанға дұшпандық танытқан шетелдік күштер жылдар бойы дайындаған.

Бұл туралы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 6 шілдеде өткен жиында айтты.

– Әрине, бұл шаралар бір-он күнде ұйымдастырылған жоқ. Оларды деструктивті сыртқы күштер жылдар бойы дайындаған. Олардың басты мақсаты Өзбекстанның аумақтық тұтастығына қол сұғу және ұлтаралық қақтығыс тудыру, – деді Мирзиёев.

Оның айтуынша, Өзбекстанның дәйекті және тұрақты дамуына мүдделі емес әртүрлі сыртқы күштер «еліміздегі бейбіт жағдайға нұқсан келтіруге, азаматтарымыздың сеніміне кіріп, оларды адастыруға бағытталған арам пиғылды көздеген».

«Мұндай әрекеттер жалғасуы мүмкін» деп ескертті президент.

– Мен халқымызды елімізге дұшпандық танытатын осындай күштердің кез келген зұлым жоспарлары мен әрекеттеріне дер кезінде және өткір түрде шабуыл жасай алатынымызға сендіргім келеді, – деді Өзбекстан президенті.

Мирзиёев Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде жақындарынан айырылған отбасыларға шын жүректен көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Қарақалпақстандағы көтерілісті сыртқы күштер жылдар бойы дайындап келген – Мирзиёев
Тегтер: