Қасым-Жомарт Тоқаев Иран компанияларын ірі жобаларға атсалысуға шақырды

11 Желтоқсан 2025

Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолын дамытудың мән-маңызы ерекше. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Ақорда
Ақорда

– Инвестиция – ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салып жатыр. Кәсіпкерлеріміз тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісіне қатысты түрлі жобаны жүзеге асырып келеді. Біз сенімді серіктес ретінде шетелдік инвесторларды қолдауға, оларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Осы ретте Иран компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын, - деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мол мүмкіндік бар.

– Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Оңтүстік-Солтүстік дәлізін және Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолын дамытудың мән-маңызы ерекше. Бұл – екі елдің мүдесіне сай келетін маңызды жоба. Қазақстан темір жолдарды жаңғырту, көлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін кеме қатынасын жандандыру жұмысын қолға алды. Иран инвесторларын осы бастамаларға атсалысуға шақырдық. Қызығушылық білдірген жеке сектор өкілдеріне арнайы ұсыныстар дайындап, қолайлы жағдай жасауға әзірміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тегтер: