Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігінің жұмысынан кемшіліктер анықталды – Бектенов

2 Қараша 2026

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында әскери оқу-жаттығулар кезінде анықталған кемшіліктер мен сарбаздардың қауіпсіздігін күшейту шаралары туралы айтты.

Үкімет
Фото: Үкімет

Үкімет басшысының айтуынша, Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғалар әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі мәселелер бар екенін көрсетті.

— Қорғаныс министрлігі жүргізген кешенді тексеру барысында оқу-жаттығулардың өту барысын бақылауда, ықтимал қауіп-қатерлерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет етуге дайындықта кемшіліктер анықталды, — деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше, оқу-жаттығулар кезінде қауіпті жағдайларға жеткілікті мән берілмеген. Қауіпсіздік талаптарының сақталуы тиісті деңгейде қадағаланбаған. Сондай-ақ аса қауіпті кезеңдерде оқу-жаттығуларды уақытында тоқтату туралы шешім қабылдауда кемшіліктер болған.

Қазір Қазақстан Қарулы күштерінде әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз жүйелер қолданылады. Ал күштік құрылымдардың кейбір бөлімшелерінде әскери қызметшілердің қай жерде жүргенін анықтайтын және олардың ағзасының физиологиялық көрсеткіштерін бақылайтын жеке құрылғылар пайдаланылады.

Сонымен қатар күштік мемлекеттік органдар «Қазгидромет» кәсіпорнымен бірлесіп жұмыс істейді. Олар ауа райының өзгеруі мен дауыл туралы ескертулерді тұрақты түрде алып отырады.

Премьер-министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмасымен әскери реформа жоспарының жобасы әзірленді. Құжатта әскерді басқару жүйесін жетілдіру, оқу-жаттығуларды жоспарлаудың ортақ тәртібін қалыптастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын қатаң сақтау көзделген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қорғаныс министрі Мемлекет басшысына Қазақстан Қарулы күштерін жаңғырту жоспарын таныстырған болатын. Президент әскери реформа жоспарын мақұлдады. Жоспардың орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік кеңесіне жүктелді.

Тегтер: