Қатардағы Қазақстан азаматтары негізінен қай салаларда жұмыс істеп жүр

10 Қыркүйек 2025

Қазір Қатарда 800-ден астам Қазақстан азаматы жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.

@KZgovernment
@KZgovernment

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қатарға баратын еңбек мигранттарының санына қатысты квота белгілене ме?» деп сұрады.

Өз кезегінде Светлана Жақыпова квота болмайтынын атап өтті.

— Қазір Қатарда 800-ден астам Қазақстан азаматы жұмыс істеп жүр. Талдау барысында олар негізінен мұнай-газ секторында, қызмет көрсету саласында қамтылғаны анықталды. Олардың арасында ер адамдар 60 пайыз болса, ал қалғаны әйелдер. Елімізден баратын адамдарға қатысты квота болмайды, — деді Еңбек министрі.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Құжаттың мақсаты — Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету.

Тегтер: