Қазақ футболының қазіргі деңгейі қандай

3 Наурыз 2024

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің алғашқы туры мәресіне жетті. Биыл 33-мәрте жалауын көтерген доп додасы наурыз және қараша аралығында болады.

Қазақ футболының қазіргі деңгейі қандай

Ел біріншілігінде «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай» (Семей), «Жеңіс» (Астана), «Жетісу» (Талдықорған), «Қайрат» (Алматы), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай), «Тұран» (Түркістан) және «Шахтер» (Қарағанды) секілді 13 команда бақ сынайды.

Жаңа маусымға қазақстандық командалар жоғары деңгейде дайындалды. Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия жерінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтты. Көптеген клубтармен жолдастық кездесу өткізді. Өткен жылғы құрамын сақтағаны да бар, жаңадан тәжірибелі футболшыларды қосқаны да бар. Әрбір команда өзінің қаржылық мүмкіндігіне байланысты ойыншыларды құрамына қоса алды.

Бас жүлдеге үміткерлер көп

Жанкүйерлер арасында қай команда чемпион болады деген сауал жиі қойылып отыр. Әрине, осы орайда еліміздің алты дүркін чемпионы «Астана» ұжымы алдымен айтылады. Одан кейін былтыр өз тарихында тұңғыш мәрте жеңіс тұғырына көтерілген «Ордабасы» ойға оралады. Ал бес мәрте алтыннан алқа таққан «Ақтөбені» де ешкім жоққа шығара алмайды. Басты бәсеке аталған үш команданың арасында жүруі мүмкін. Оған қоса жергілікті жастарға ерекше мән беріп жүрген «Қайрат» та биыл алтын медальге үміткер ретінде айтылып келеді. Алғашқы турда аталған төрт команда да сүрінген жоқ. Десе де доп додасының енді басталғанын ескерсек, әзірге нақты шешім айта алмаймыз. Сондай-ақ, «Тобыл», «Елімай» клубтары биыл жүлделі орындардан үміткер ретінде саналып отыр. Бұл ұжымдар қатарына тәжірибелі ойыншыларды қосты. Ендігі кезекте олардың алдында доп додасы барысында жинақы ойнай білу міндеті тұр. Жалпы алғанда, жоғарыда аталған клубтар кезінде чемпион атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінген. Сондықтан жанкүйерлер олардан жоғары биіктен көрінуді қалайды.

Былтыр турнир кестесінде орта тұсынан көрінген «Қызылжар», «Қайсар», «Атырау», «Жетісу» азулы қарсыластарына лайықты қарсылық көрсете алады деген пікір бар. Ал «Жеңіс», «Тұран», «Шахтер» де ешкімге оңай шағылатын жаңғақ емес.

«Рас, команда құрамына қарай отырып «Астана» мен «Ордабасы» алдымен айтылады. Оған қоса «Ақтөбе» мен «Қайрат» та бас жүлдеден үміткер екенін білдіріп келеді. Сондықтан аталған ұжымдардың арасынан тартысты бәсекені күтемін. Әрине, біріншілік барысында әрбір команданың жеңіске деген жігерлі қимылын көргіміз келеді», – дейді спорт журналисі Шалқар Естен.

Қазірге дейін ел чемпионы атағына барлығы 10 команда қол жеткізді. Олардың арасынан елордалық «Астана» 7 мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілсе, Павлодардың «Ертіс» және «Ақтөбе» – 5, алматылық «Қайрат», семейлік «Елімай», елордалық «Жеңіс» – 3, Қостанайдың «Тобылы» мен Қарағандының «Шахтері» – 2, «Тараз» 1 мәрте алтын медаль алды.

«Ордабасы» алғаш рет чемпион атанды. Шымкенттік клуб бұған дейін 2017, 2019 жылдарда қола жүлдеге қол жеткізді.

Стадион мәселесі қашан шешіледі ?

Кейінгі жылдарда Қазақстан футбол федерациясы тарапынан командалар ойын көрсететін стадиондарға қойылатын талап күшейіп келеді. Өкініштісі, кейбір клубтар бұл талапқа лайықты жауап бере алмай отыр.

Елордадағы «Астана-арена» стадионының уақытша жабылуына байланысты «Астана» командасы биыл Алматы қаласында орналасқан «Хан тәңірі» стадионында ойнайтын болды. Сондай-ақ, «Жеңіс», «Елімай», «Ақсу» өз алаңындағы кездесуін Павлодардағы орталық стадионда қабылдауға мәжбүр.

Қуаныштысы, кейінгі жылдарда елімізде стадион салуға байланысты жағымды жаңалықтар айтыла бастады. Шымкент қаласында 35 мың адамға арналған соңғы үлгідегі стадион бой көтереді деген әңгіме бар. Ал Қызылордада 7 мың жанкүйер емін-еркін сыятын стадионның алғашқы қазығы қағылуда. Осыдан үш-төрт жылдай бұрын Түркістанда футболға арналған арена ел игілігіне берілді. Бұл – қуантарлық жағдай.

Десе де ұзақ жылдар бойы елімізде жаңа стадионның салынбауы ойлантады. Осы орайда жағдайы шамалас Өзбекстан, Әзербайжан елдерінде осындай қаншама спорттық ғимараттардың бой көтергенін білеміз. Ендігі кезекте сол олқылықтың орнын толтырып, жанкүйерлерге барлық жағдай жасалған футбол ареналары пайдалануға беріледі деген сенімдеміз.

Жаңа жобалар жүзеге асады

2024 жылдың 28 ақпан күні Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жаңа брендінің таныстырылымы мен жаңа маусымының тұсаукесері өтті. Футбол саласындағы мамандар мен БАҚ өкілдеріне Лиганың жаңа атауы – QFL (Qazaqstan Football League), жаңартылған логотип және «Футболмен бірге» (футболмен бірге) ұраны таныстырылды. Ауқымды іс-шара елордамыздағы ҚР Президенттік орталығында ұйымдастырылды.

«Біздің лигамен бірлескен жұмысымыз футбол бизнес индустриясын құруға бағытталған, онда футбол — демеушілер мен инвесторлар үшін қызығарлық актив, халық үшін әлеуметтік маңызы бар өнім және халықаралық деңгейде мемлекет үшін мақтаныш болуы керек. Бүгінгі таңда лига өзінің алдында тұрған міндеттерді орындауға және стратегияның барлық тармақтарын жүзеге асыруға қауқарлы. Бұл шынайы және қол жеткізуге болатын мақсаттар», — деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов.

Биыл елімізде футболды дамытуға бағытталған бірқатар жоба ұсынылды. Жобалар небәрі 9 айда әзірленді. Олардың кейбіреуі елімізде бұрын-соңды болмаған. Мысалы, Лига кубогы және Әйелдер лигасы сынды жаңа турнирлер жүзеге асады. Бірінші турнирге 16 отандық клуб қатысады, олар тек беделді кубок үшін ғана емес, сонымен қатар отандық футбол тарихындағы ең ірі жүлде қорын да сарапқа салады. Бұл 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, Әйелдер лигасының ашылуына ерекше назар аударылды, онда еліміздің 5 өңірінен 6 клуб өздерінің қатысатындығын растады.

Тегтер: