Қазақстан банктері жол жобаларын қайта қаржыландыруға 700 млн доллар бөледі

29 Қазан 2026

Қазақстанда еліміздің ірі банктерінің қатысуымен жол саласындағы қарыздарды 700 млн АҚШ долларына қайта қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның Даму Банкінің кредиттік ресурстарын босатып, жаңа стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

ҚазАвтоЖол
Фото: ҚазАвтоЖол

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды. Жиынға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қазақстан Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, Еуразиялық банк және Қазақстанның Даму Банкінің басшылары қатысты.

«Автомобиль жолдары – ел экономикасының маңызды тірегі. Олар тауар тасымалын қамтамасыз етіп, кәсіпкерліктің дамуына, халықтың әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуіне және еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді», – деді Серік Жұманғарин.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта «Орталық – Батыс» және «Бейнеу – Сексеуіл» бағыттарында жаңа автомобиль жолдары салынатынын атап өтті. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Ақтөбе мен Қызылорда арасындағы бөліктерін қайта жаңғырту көзделген. Бұдан бөлек, 2030 жылға дейін 10 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Соңғы үш жылда елімізде 19 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жөнделді. «Қарағанды – Алматы», «Атырау – Астрахань», «Талдықорған – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттарындағы ірі жобалар аяқталды.

Осы кезеңде жүк тасымалының көлемі 36 пайызға өсіп, 259,7 млн тоннадан 352,7 млн тоннаға жетті. Көлік кәсіпорындарының тасымалдан түскен табысы бес есеге, яғни 457,6 млрд теңгеден 2,3 трлн теңгеге дейін артты. Ал транзиттік жүк тасымалы төрт есеге ұлғайып, 4,4 млн тоннадан 17,6 млн тоннаға жетті.

2026 жылы жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын жаңа жол жобалары қолға алынды. Сонымен қатар республикалық жолдардың 5 мың шақырымнан астамын қалпына келтіріп, жөндеу қажет. Олардың едәуір бөлігіне соңғы 20–30 жыл бойы қажетті көлемде қаржы бөлінбеген.

Осы міндеттерді орындау үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұған дейін Қазақстанның Даму Банкімен кредиттік келісім жасасқан болатын. Ендігі кезекте қолданыстағы қарыздардың бір бөлігін үш екінші деңгейдегі банктің қатысуымен жалпы сомасы 700 млн АҚШ долларына қайта қаржыландыру көзделіп отыр.

«Бұл инвестициялар ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландырудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға және еліміздің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Біз үшін жол саласын тұрақты қаржымен қамтамасыз ету және жаңа стратегиялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасау аса маңызды», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Қайта қаржыландыру нәтижесінде Қазақстанның Даму Банкінің кредиттік лимитінің бір бөлігі босайды. Бұл қаражатты жаңа басым жобаларға бағыттауға мүмкіндік туғызады. Атап айтқанда, «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысын қаржыландыру көзделген.

Дөңгелек үстел қорытындысында тараптар қайта қаржыландыру жөнінде қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін құжатқа қол қойды.

Екінші деңгейдегі банктердің қатысуы жол саласын қаржыландыру көздерін көбейтіп, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Тегтер: