Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды

18 Қыркүйек 2023

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.

Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды

Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.

«Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет екенін айтты.

«Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Себебі экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек.

Мемлекет басшысы климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.

«Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды», – деді Президент.

Тегтер: