Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы Беларусьтегі жарыста жеңімпаз атанды
Брест қаласында Қазақстан, Беларусь және Ресей командалары қатысқан армиялық қоян-қолтық ұрыстан халықаралық чемпионат мәресіне жетті.
Жарыста Қазақстан Қарулы күштерінің намысын екі команда қорғады. Олар – Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің спортшылары.
Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Отандастарымыз үш алтын, екі күміс және екі қола медальді қоржынға салды.
Жеке есепте 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде лейтенант Олжас Ержанұлы, 85 келіге дейінгі санатта қатардағы жауынгер Әбдірахман Өмірзақов, ал 85 келіден жоғары салмақта сержант Еламан Қуатов чемпион атанды. Күміс медальді 60 келіге дейінгі салмақта подполковник Аман Шәкіртов пен 75 келіге дейінгі салмақта майор Вадим Федосеев иеленді. Ал 65 келіге дейінгі салмақта қатардағы жауынгер Мұхит Қасымбай мен 80 келіге дейінгі салмақта ефрейтор Дархан Дабылбек қола жүлдегер атанды.
Жалпыкомандалық есепте топ жарған қазақстандық спортшылар өздерінің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, халықаралық спорт аренасында еліміздің Қарулы күштерінің абыройын асқақтатты.