Қазақстан мен Әзербайжан арасында тағы 2 жаңа әуе бағыты ашылады

13 Шілде 2026

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әуе қатынасы кеңейіп, алдағы уақытта Ақтөбе мен Атыраудан Бакуге жаңа тұрақты рейстер ашылады, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Көлік министрлігі
Фото: Көлік министрлігі

Министрліктің мәліметінше, халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейту және қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр.

– Биылғы 16 маусымнан бастап AZAL әуе компаниясы Шымкент – Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет тұрақты рейстерді орындай бастады. Соның нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы апталық рейстер саны 30-дан 33-ке дейін артты, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әуе компаниясы Ақтөбе – Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет және Атырау – Баку бағыты бойынша аптасына 4 рет тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, жаңа бағыттардың іске қосылуы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Тегтер: