Қазақстан мен Бельгия жоғары білім және ғылым саласындағы әріптестікті нығайтып жатыр

21 Қараша 2025

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасындағы Бельгия Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Эрик Де Майермен, сондай-ақ ректор Петра Де Суттер бастаған Гент университеті (Бельгия) делегациясымен кездесу өткізді.

gov.kz
gov.kz

Министр Қазақстанның трансұлттық білім беруді дамыту және өңірлік академиялық орталық қалыптастыру стратегиясын таныстырып, ғылыми-білім беру бастамаларын іске асыруда халықаралық әріптестерге қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерін, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру перспективаларын талқылады. Гент университетінің өкілдері Қазақстанның ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, отандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

Гент университеті – Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарының бірі, әлемдік рейтингтердің топ-100 қатарына кіреді. Университет құрамында 11 факультет, 50 мыңнан астам студент және 15 мыңнан аса қызметкер бар. Ол жоғары зерттеу белсенділігімен ерекшеленеді, ERC жобаларының саны бойынша Еуропада алдыңғы орындардың бірін иеленеді, сондай-ақ ғылыми парктер мен инженерлік-биотехнологиялық орталықтары бар дамыған инфрақұрылымға ие.

Кездесу барысында бельгиялық тарап биотехнология, медицина, ветеринария, инженерлік және жаратылыстану ғылымдары сияқты негізгі бағыттарын, сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы Ghent University Global Campus кампусының табысты жұмыс тәжірибесін таныстырды. Ерекше назар бірлескен зерттеу орталықтары мен зертханалар құру, сондай-ақ студенттер мен зерттеушілерге арналған алмасу және тағылымдама бағдарламаларын іске қосу мүмкіндіктеріне аударылды.

Тараптар Гент университеті мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және жоғары білікті кадрларды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Тегтер: