Қазақстан мен Иран сауда-саттық көлемін арттыруға келісті
Иран — Қазақстанның сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Біз парсы жұртын ежелгі өркениеттің заңды мұрагері ретінде жақсы білеміз. Елдеріңіз Таяу Шығыс пен Еуразияны жалғап тұр. Соңғы жылдары Иранның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті артып келеді. Бұл Сіздің және Иран басшылығының қажырлы еңбегі мен салиқалы саясатының нәтижесі деп білеміз. Қазақстан Иранның жетістіктеріне әрдайым қуанады, болашағының жарқын болуын тілейді. Халықтарымыздың ынтымағын бекемдей түсу және табыстарын еселеу — біздің ортақ мақсатымыз. Қазіргідей алмағайып заманда күш біріктірудің маңызы зор екені сөзсіз, — деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
— Осы сапарыңыздың нәтижесінде байланыстарымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда нәтижелі келіссөздер өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды талқыладық. Қос тарап маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойды. Иран — Қазақстанның сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Өткен 10 айдағы сауда-саттық көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға арттық. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.