Қазақстан мен Италия арасындағы сауда көлемі 14,5 миллиард доллардан асты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.
– Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі.
– Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін, – деді Президент.