Қазақстан мен Мысыр фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ
Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Асқар Жеңіс «Egyptian International Pharmaceutical Industries Co.» (EIPICO) компаниясының басшылығымен кездесіп, елімізде инвестициялық жобаны іске асыру жоспарларын талқылады. Бұл туралы СІМ мәлім етті.

— «EIPICO» басқарма төрағасы Ахмед Келани Қазақстанда заманауи толық циклді фармацевтикалық зауыт салу жобасын жалғастыруға дайын екенін растады, — делінген ведомство хабарлмасында.
А.Келанидың айтуынша, жоба жаңа кезеңге шықты: кәсіпорын ашылатын алаң анықталды. Жақын уақытта компания басшылығы Қазақстанға келіп, жобаны жүзеге асырудың ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Елші фармацевтикалық индустрияны дамыту мен дәрілік заттардың жергілікті өндірісін кеңейтуді ұлттық экономиканың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалғанын атап өтіп, қазақ тарапының компанияға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, «EIPICO» — Мысырдағы фармацевтикалық өнім экспортының жетекші компаниясы, ол елдің жалпы фармацевтикалық тауар экспортының шамамен 21 пайызын қамтамасыз етеді. Халықаралық экспансия стратегиясы аясында компания өндірісті жергілікті деңгейде дамыту үшін Қазақстанды негізгі алаңдардың бірі ретінде таңдады.