Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр.
Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысын Республика күнімен құттықтап, елімізге табыс пен бақ-береке тіледі.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және достас Қазақстан халқына өзінің жүрекжарды лебізі мен ізгі тілегін жолдады. Ол соңғы жылдары Қазақстанда тұрақты экономикалық даму байқалатынын, еліміздің өңірлік және халықаралық істерде ықпалы күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған өзінің құттықтауында екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаған.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Қазақстанмен арадағы достық қатынастар және екіжақты серіктестік одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон өзінің құттықтауында ұзақ жылдар бойғы екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды және жүйелі реформалардың нәтижесінде заманауи Қазақстан тұрақты дамып келе жатқанын, ал оның өңірлік және жаһандық деңгейдегі өзекті бастамаларын халықаралық қоғамдастық лайықты мойындайтынын атап өткен.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бастамасын қазақ халқы ұдайы қолдайтынын айтқан. Сонымен қатар ол одақтастық қатынастардың қазіргі оң динамикасы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағытында ауқымды жоспар құруға мүмкіндік беретінін жеткізген.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қоғам өмірінің басқа да салаларында қол жеткізген толайым табыстарын жоғары бағалады.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов тату көршілік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынасқа ерекше назар аударған.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өз жеделхатында бауырластық пен өзара сенімге негізделген тарихи тамыры терең әзербайжан-қазақ қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға баса мән беретінін жазған.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко құттықтау хатында Қазақстанның егемендік пен аумақтық тұтастықты нығайту үшін жүзеге асырып жатқан шараларын, экономика мен әлеуметтік салалардағы қолға алған ауқымды өзгерістерін, көпұлтты мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатта сындарлы ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаған.