Қазақстан Түрікменстанмен газ және көлік инфрақұрылымы салаларында ынтымақтастықты нығайтпақ
Бұл мәселе жөніне бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесуінде егжей-тегжейлі айтылды.

– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент.
Кездесуде газ саласындағы серіктестікті кеңейту, нақты айтқанда, Қазақстан тарапының шетелдік серіктестермен бірге Галкыныш кен орнын игеру жобасына қатысу мәселесіне мән берілді.
Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жол құрылысының жобасына назар аударып, аталған жоба табысты жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға, экспорт нарықтарын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады.
Бұдан бөлек, кездесуде білім беру, цифрландыру салаларындағы өзара тиімді ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі атап өтілді.