Қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді олимпиадада 6 медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастырып келеді. Аустралияда өткен мектеп оқушыларына арналған ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі — Математикадан халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар алты медаль жеңіп алды.

Биыл олимпиадаға 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысты. Қазақстан құрамасы тағы да үздіктер қатарынан көрініп, төрт күміс және екі қола медаль иеленді.
II орын — Мирон Юркевич, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы;
II орын — Амирлан Аманжолов, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 11-сынып оқушысы;
II орын — Марғұлан Шарел, Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы;
II орын — Амир Сахипов, Алматы қаласындағы РФММ мектебінің 11-сынып оқушысы;
III орын — Ерасыл Алтынбек, Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы;
III орын — Ерқанат Кеншілік, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері — PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Қанат Сатылханов.
Айта кетейік, IMO олимпиадасы 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және ол әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді (International Science Olympiads).
Қазақстан бұл жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын жеңіп алған.