Қазақстандықтар Tesla акцияларын жиі сатып ала бастады
Бұл туралы KASE Қазақстан қор биржасының басшысы Алина Алдамберген баяндады.
2023 жылы желтоқсан айының соңында KASE Global шетелдік қағаздар секторында 45 атау және 11 шетелдік эмитенттің ETF акциялары болған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша KASE Global секторында сауда көлемі 36,5 млрд теңгеге жеткен және 2022 жылмен салыстырғанда 41,7%-ға немесе 10,8 млрд теңгеге ұлғайған. Сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 148,6 млн теңгені, мәмілелердің орташа тәуліктік саны – 246 болса, бір мәміленің орташа көлемі – 603,3 мың теңгені құраған.
Қазақстан қор биржасының мәліметінше, 2023 жылы KASE Global секторындағы ең көп мәмілелер мынадай акциялармен жасалған:
— Tesla (TSLA_KZ) – жалпы сомасы 1 610,4 млн теңгеге 6 714 мәміле;
— Ford Motor Company (F_KZ) – 220,7 млн теңгеге 6 017 мәміле;
— Intel Corporation (INTC_KZ) – 1 108,9 млн теңгеге 5 135 мәміле.
Алина Алдамбергеннің айтуынша, инвесторлардың негізгі санаттары арасында брокерлік-дилерлік ұйымдар үлесі – 36%, басқа институционалдық инвесторлар үлесі – 0,1%-дан аз, басқа заңды тұлғалар үлесі – 26,2%, жеке тұлғалар үлесі – 37,8%, резидент еместердің үлесі – 0,6% құрады.