Қазақстанның агроөнімдері қай елге экспортталады
2025 жылдың 7 айында агроөнеркәсіп өнімінің экспорты тұрақты өсімді көрсетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтып берді.

Министрдің айтуынша, өсімдік шаруашылығында ақшалай есептегенде өсім 51% болды. Оның ішінде бидай (56%), күнбағыс майы (76%), мал азығы (152%), арпа (94%) және зығыр тұқымы (60%).
– Қазақстандық агроөөнімдерге сыртқы сұраныс ТМД, Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен байқалады. Осы бағыттар бойынша сыртқы сауда-логистикалық инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Оған негізгі серіктес елдердегі ұлттық сауда павильондары, кеңселер мен өкілдіктер кіреді, – деді Сауда министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Экспорттық бағыттарды одан әрі кеңейту үшін биыл ЕураОдақ пен Араб Әмірліктері және Моңғолия арасында еркін сауда жүргізу туралы келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ ЕураОдақ пен Индонезия арасында да осындай келісім жоспарланып отыр.
Бұған дейін Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру және сиыр етімен ішкі нарықты толтыру шаралары туралы айтып берді.