Қазақстанның мәдени құндылықтары туралы онлайн-портал ашылады
Биыл 8 тілде ақпарат тарататын «Мәдениет» онлайн-порталы іске қосылады. Онда әрбір қызығушы үйден шықпай, төл мәдениетімізбен таныса алады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.
«Еліміздің мәдени саласында шешілмеген дүние көп, бірақ бұл бізде толыққанды қалыптасқан, бай мұрасы, елге көрсетер тәлім-тәрбиесі, мақтанышпен айтар әңгімесі бар төл мәдениет жоқ деген сөз емес. Біз барымызды ұқсатып, жоғымызды жаңғыртып, ең алдымен, өз халқымызға, сосын сыртқы жұртқа ұсынуымыз керек. Мәдени құндылығымызды тек музей, театр, концерттерге шақыруымен, көрмелер мен турлар ұйымдастырумен шектемеуіміз қажет», — деді А. Балаева Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында.
Осы ретте, биыл алғаш рет 8 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталы іске қосылады.
«Жаңа портал арқылы мәдени құндылықтарымызды қазақстандық қана емес, шет ел аудиториясына насихат етуді мақсат етіп отырмыз. Оның негізгі міндеті – әрбір қызығушы үйден шықпай, төл мәдениетіміздің барлық сай-саласын аралауға – музей, кітапхана, театр, ұлттық кино, көрмелер, рухани қорықтар, ұлттық музыканың алтын қоры мен заманауи әуездің жаңа үлгілерімен танысуға жағдай жасау. Мұндай жобалар әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін баяғыда-ақ көрсеткен. Мәселен, күніне 50 мың адам кіретін «Лувр» музейі онлайн кеңістікте 10 млн «виртуалды турист» қабылдайды», — дейді А. Балаева.
Бұған дейін Мәдениет министрі «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жай-күйі туралы пікір білдірген еді.