Қазақстанның нөмері бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон додасының финалына шықты
Қазақстанның нөмері бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон додасының финалына шықты.
Елена Рыбакина жартылай финалда румыниялық теннисші Симона Халеппен кездесті.
«Үлкен дулыға» жарыстарын жеңіп жүрген Симона әлбетте кездесу фавориті еді. Бірақ бірінші сетте қазақстандық теннисші басым болды. 37 минутқа созылған сетте отандасымыз 6:3 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін екінші сетте қарсыластар терезесі тең ойын көрсетті. Бір гейм басымдылығын Рыбакина ұлғайтуға тырысты. Бірақ Халеп өз геймдерінде ұпайды оңайлықпен бере қоймады. Есеп 5:3 болып Елена алға шыққан тұста, Халеп қателіктер жасай бастады. Допты ойынға қосу барысында қателік жіберіп, одан әрі қарай күресуге шамасы жоқ екенін анық аңғартты.
Басы төмен салбырап кеткен Симона одан кейінгі ұпайларды қолдан берді. Біресе артқы сызықтан асырса, біресе жақтауға жіберді. Оның доптарынан күш кетіп, Рыбакина ойын тізгінін толығымен өз қолына алды.
Матч барысында Симона Халеп 9 рет қос қателік жасапты. Ал соққысы жойқын Лена 5 мәрте эйс тіркеді. Екінші сет те аса қатты ұзаққа созыла қоймады. Бар болғаны 39 минутта аяқталды.
Жалпы алғанда ойынның тез аяқталғаны Елена Рыбакинаға өте жақсы әсер етуі тиіс. Себебі оны әлі финал күтіп тұр.
Финал әдет бойынша Лондондағы негізгі кортта өтеді. Қыздар бәсекесінің финалы сенбі, ал ерлер додасының ақтық сыны жексенбіге белгіленеді. Бұл ықылымнан келе жатқан теннис дәстүрі. Ал финалда қазақстандық теннисші кіммен ойнайды деген заңды сауал туындайды.
Екінші жартылай финалда Татьяна Марияны жеңген Онс Жабер финалда Рыбакинаға қарсылас атанды. Туннис елінің өкілі Африка құрлығының 1 ракеткасы екенін айта кетейік. Ол қазір әлемдік рейтингте екінші сатыда тұр.