«Қазақтелеком» 24 орман шаруашылығына бейнебақылау жүйесі мен интернет антенналарын орнатады
Орман өртімен күреске «Қазақтелеком» да атсалысады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты.

— «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Экология министрлігімен бірлесіп, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін әзірлеу жұмыстарын бастады. Жүйе орман алқаптарын кешенді мониторингілеу шешімін ұсынады. Бұл бағыт аясында арнайы шолу бейнекамераларын орнату жоспарланған. Камералардан түсетін бейне ағын бағдарлама арқылы өңделіп, өрт белгілері анықталған жағдайда жүйе деректер Төтенше жағдайлар министрлігінің команда орталығына жолданады, — деді ол.
Ведомство басшысы аталған жоба аясында 40 мың шаршы шақырым аумаққа бейнебақылау жүйесі мен арнайы антенналар тартылатынын мәлім етті.
— Осы жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ антенна-мачталық құрылыстар мен бейнекамералардың үздіксіз жұмысын қолдайтын автономды және резервтік қуаттандыру жүйелерін орнатуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде жалпы ауданы 40 мың шаршы километрден асатын өрт қаупі ең жоғары 24 орман шаруашылығын қамту жоспарланған, — деді Жаслан Мәдиев.