«ҚазАвтоЖол» бірнеше өңірдің жүргізушілеріне ескерту жасады
Синоптиктердің болжамына сәйкес, түнгі және таңертеңгі уақыттарда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарында тұман түсіп, кей жерлерде көктайғақ күтіледі. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» компаниясы жүргізушілерді сақ болуға шақырды.

— Жүргізушілерден жолда аса мұқият болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты қатаң сақтауды, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды және аса қажеттілік болмаса сапарға шықпауды сұраймыз. Дөңгелектердің жай-күйіне ерекше көңіл бөлген жөн. Егер көлікте әлі жазғы шина тұрған болса, көктайғақта басқару қиындап, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі едәуір артады, — делінген хабарламада.
Жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, сондай-ақ жолдардың жай-күйі мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан білуге болатынын еске салды.