Кері келген қаржының бақылауы қатаң әрі қайда жұмсалып жатқанын халық біліп отыруы керек

27 Қыркүйек 2023

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин шетелден қайтарылған активтерді ел игілігіне пайдалану мәселесін ашық қарауды ұсынды.

Кері келген қаржының бақылауы қатаң әрі қайда жұмсалып жатқанын халық біліп отыруы керек

«Халықаралық рейтингтер бойынша, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Көптеген сарапшының болжамы бойынша соңғы отыз жыл ішінде Қазақстанннан 200 млрд АҚШ доллары сыртқа шығарылған. Бұл – Ұлттық қордағы қаржыдан төрт еседей жоғары. Болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сонымен қатар өңірлеріміздің тұрғындарын тұрақты түрде үздіксіз су, ток, жылумен қамтамасыз ету өзекті», — деді Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында депутаттық сауал жолдай отырып.

Оның мәлімдеуінше, БАҚ арқылы белгілі болғандай жуырда 837,4 миллиард теңге қайтарылған. Бұл аз қаржы емес. Себебі жаңа жоғарыда айтылған төрт қаланың ірі энергетикалық орталықтарын жөндеуге бюджет резервінен 21,5 млрд теңге жұмсалған.

«Елге қайтарылған қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын — стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, бюджет қаржысын үнемдейді, ең бастысы тарифті көтеріп халықты қинамаймыз», — дейді ол.

Халық қалаулысы көтерген тағы бір маңызды жайт – жұмыссыздық белең алған өңірлерде жаңа кәсіпорындарды ашуға осы активтерді пайдалану. Атап айтқанда, металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға назар аударған жөн.

Депутат активтерді ішкі нарықта айналдырып, зауыт, фабрика салуға жұмсауды ұсынды. Айтуынша, сол кезде өңдеу саласы дамиды, жергілікті құрылыс материалдарын шығарылып, импорттық тауарлар мен қызметтерді оқшаулауға мүмкіндік береді.

Сол сияқты біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлердің салық базасы артады және басқа да мультипликативтік нәтижеге қол жетеді.

«Қайтарылған қаржылар экономикалық тұрғыдан оң нәтиже беретін, халықтың әл-ауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалса тиімді болады. Бұл әділ шешім болар еді. Сонымен қатар қайтарылған қаржылар мен активтердің көлемін және олардың қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын азаматтық қоғам біліп, барлық тараптан қатаң бақылау болуы керек. Сондықтан осы мәселеге қатысты барлық мәлімет арнайы интернет сайтта ашық жарияланып, әр қазақстандық кез келген уақытта көріп отыруы тиіс», — деді Е.Жаңбыршин.

Тегтер: