Халық президенттік сайлауға белсенді ме?

4 Шілде 2023

Біздің еліміз үшін былтырғы жыл да биылғы жыл саяси салмақты кезеңдерді  сын сәтінен алып өтумен ерекшеленді. Біз неге былтырғы жылды айтып отырмыз?

Халық президенттік сайлауға белсенді ме?

Былтырғы жылдың 20 қарашасында кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Еліміздің ата заңы яғни Конституцияға сай сайлауға қатысуға, сол арқылы даусын беруге құқылы әрбірс азамат сайлау болған күні өзінің еркімен ешқандайда міндеттеусіз қатысып, даусын ашық беруіне мүмкіндік жасалады. 

Жалпы тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдан бері қарай елімізде президенттік сайлау бірнеше мәрте өткізілді. Енді соларға шолу жасап көрсек. Ең алғашқы президенттік сайлаудың 1991 жылы өткені халықтың есінде. Үміткер ретінде тек Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылып, көпшіліктің дауыс беріп сайлауы арқасында президент болды.

Саясаттанушылар президенттік сайлаудың маңыздылығын арттырып, беделін биіктетіп, саяси доданың көрігін қыздыратын кандидаттар дейді. Расында да бұл пікірді қисынсыз дей алмайсыз. 

1999 жылы өткен президенттік сайлауда төрт үміткер ел басқару лауазымы үшін сайлау додасына қатысты. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында өткен президенттік сайлаулардың ішінде ең көп адам өзінің кандидатурасын ұсынған сайлау деп 2005 жылдан бері қарай өтіп келе жатқан додаларды айтуға болады. Орталық сайлау комиссиясына 18 адам өзінің сайлауға қатысып, президенттіктен үміткер екенін айқындаған еді. Бірақ ОСК 18 үміткердің арасынан тек  бесеуін ғана ресми тіркеуден өткізіп, талапқа сай деп таныды. 2011 жылғы президенттік сайлауда 22 адам өзін президенттіккке ұсынды,  Орталық сайлау комиссиясының талабынан  тек төртеуі өтіп, нсаяси бәсекеге жіберілді. 2015 жылғы сайлауда 3 үміткер  қатысты, 2019 жылы 7 үміткер саяси науқанның көрігін қыздырды. 

Ал былтырғы өткен президенттік сайлауға 6 кандидат ұсынылды. Тәуелдсіздігімізді жариялаған 30 жылдың ішінде президенттік сайлаулар өтті, бірақ екі бірдей әйел адам бұл додаға қосылмаған еді.

Былтырғы жылдың 20 қарашасында өктен сайлауда Салтанат Тұрсынбекова мен Қарақат Әбден де президенттіктен үміткер екенін  көсретіп саяси бәйгеге қатысып көрді.

«Біз демократияның даму жолына түсіп, соны таңдаймыз дедік пе, онда сол қоғамды құруашы азаматтардың саяси сауаты жоғары, көзқарастары айқын, бәскелестік тудыра алатын дәрежеде болуы тиіс. Өткенге көз жүгіртіп, сараласақ 90 жылдары жүргізілген трансформация демократияны таңдап, соған жетудің бір емес, бірнеше бағытын көрсетті. Халықтың саяси сауаты көп жайтқа әсер етеді, себебі саяси бәсекелестіктің шын салмағын ұғынамыз десек, демократияның маңыздылығын артыратын мәселелерге баса назар аударғанымыз жөн. Былтыр өткен жалпыхалықтық референдумның негізі бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістер негізінде президенттің мандаты бір мерзімдік яғни 7 жылмен шектеледі. Одан кейін екінші рет сайлауға қатыса алмайды. Бұған дейін де президенттің өкілеттілігі өзгертіліп 5 жылдық, одан кейін 7 жылдық мерзімге екі мәрте сайлауға қатысқаннан кейін үшінші рет  кандидатурасын ұсына алмайды деген қағаида болды. Бұл байламның артықшылықтарын алдағы уақытта кңөретін боламыз. Президент  референдум бойынша өзгертілген Конституцияға сәйкес 7 жылдың ішінде өзінің елінің ертеңі үшін аянбай еңбектену қажеттігін жете ұғынады. Ал екі рет сайлауға түсе алады деген бұрынғы  байлам енгізілетін болса, алдағы сайлауда жеңіліп қалмас үшін алаң көңіл жүретіні және анық. Сондықтан да президенттің тек бір мерзімге ғана сайлауға қатысуға құқылы деген ұсынысты қолдаймын. Әлемдік тәжрибеге сүйенетін болсақ президенттердің ең қысқа мерзімі 4 жыл да, ал ұзақ уақыты 7 жыл. 7 жылға тек  бір мәрте ғана сайланып, саяси элитаны алға сүйреудің ұтымдылығы мен артықшылықтарын осы бағытты ұстанып келе жатқан  Оңтүстік Корея билігінен байқаймыз», – дейді саясаттанушы  Мөлдір Төлебаева.

Сайлау науқанын сайлау процесін халықтың билікке деген сенімінің  деңгейін анықтайтын алаң деп те айтуға болады. Өткен жылғы  президенттік сайлауға қатысып, тұңғыш рет дауыс берген студент Рамазан Ерболұлы да елде саяси бәсекелестіктің артып келе жатқанын айтады.

«Былтырғы жылдың 20 қарашасында өткен президенттік сайлауға алғаш рет  қатыстым. Мұның алдында 2020 жылы өткен Праламент мәжілісінің сайлауына да, оның алдындағы яғни 2019 жылы өткен Президенттік сайлауға да қатыса алғам жоқ, себебі кәмелеттік жасқа толмаған едім. Бізді оқу орнымыздан арнайы айтып, сайлауға тапсырмамен қатыстырып, бәлен кандидатқа дауыс бересіңдер деп ешкім мәжбүрлеген жоқ, әркім өзінің демократиялық құқығын пайдалана отырып дауыс берді. Мен өзіме келетін болсам, алты кандидаттың қандай жұмыстар атқарғанын білеміз, бір айлық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенде сайлауалды бағдарламаларын көріп ытңдадым. Кәмелет жасына жетіп, өзіндік ой-пікірімді саралай алатын азаматпын. Сондықтан да еліміздің келешегі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа даусымды бердім. Неге? Себебі елімізде соңғы жылдардың бедерінде қандай ауыр кезеңдер өтті. Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жойқын жарылыс,  Қостанай облысындағы алапат өрт, 2022 жылдың басындағы  қаңтар  дүрбелеңі, биылғы жылы да  бірнеше адамның өмірін жалмаған Абай облысындағы алапат өрт үлкен сынақтар. Осындай еліміз қысылтаяң шақта Мемлекет басшысы халықтың арасынан табылып, Тәуелсіздігіміздің  тұтастығы үшін білек түрініп қызмет етіп келеді. Өзімнің саулауға алғаш қатысып, тұңғыш азаматтық таңдауымызды жасағанда осындай кандидатқа дауыс бергенімді мақтан тұтамын», – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2 курс студенті Рамазан Ерболұлы. 

Былтырғы жылдың қараша айында өткен президенттік сайлауға  электораттар да белсенді қатысты. Сайлау өткеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлау жаңа Қазақстандағы саяси жаңғыру мен жаңарудың алғышарты  болатынын айтып, азаматтық қоғам кемелденіп,  беделді институтқа айналып келе жатқанын жеткізген еді. Былтырғы жылдың 20 қарашасында өткен президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестерінен оқ бойы озып,  81, 31 пайыз дауысқа ие болды. Ел мүддесін айқындау жолында халықтың бірлігіннің бекем болуы қашанда маңызды. Халық сондықтан да сайлауға қатысып, өзіндік ұстанымын айқын аңғартуға  ынталы болатыны сөзсіз.

 Сауыт Әшім  

Тегтер: