Қызылордада «Damubala» бағдарламасын алаяқтық мақсатта пайдаланғандар сотталды
Қызылорда қаласының № 2 соты Қылмыстық кодекстің алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақша және өзге мүлікті заңдастыру баптарымен қос айыпталушының қылмыстық ісін қарады.

Сотталушылардың бірі облыстық басқармалардың бұйрығына сәйкес шығармашылық және спорт үйірмелеріне мониторинг жүргізу тобының құрамына енген.
— Мониторинг барысында «Damubala» платформасымен жұмыс істейтін өнім берушілер арасында жария ету оферта шарты бойынша жеке кәсіпкерлердің өнім беру барысын тексерген. Тексеру нәтижесінде кемшіліктер барын анықтаған. Алайда жеке кәсіпкер екінші сотталушының жәрдемдесуімен қызмет бабын пайдалана отырып, жәбірленшілердің 88 290 мың теңгесін иемденген. Сотталушылардың кінәсі сот фонографиялық сараптама, қарап тексеру, сотталушылардың үйін және автокөлігін тінту, есепшотындағы ақша қозғалысының үзіндісін тексеру нәтижесінде, жәбірленушілер мен куәгерлердің жауабы, басқа да іс құжаттары арқылы дәлелденді, — делінген облыстық сот баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сотталушылардың бірі Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен және 218-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 58-бабы 3-бөлігінің талабымен оның түпкілікті коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты және басшылық лауазым атқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығын 10 жылға дейінгі мерзімге шектеп, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кодекстің 53-бабына сәйкес жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуы ескерілді.
Екіншісі де Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен 10 жылға коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты және басшылық лауазым атқару құқығынан, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кодекстің 63-бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты саналып, тағайындалған мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді. Оның да жас балаларының болуы, шын ниетпен өкінуі, қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға, басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге және қылмыс нәтижесінде алынған мүлікті іздестіруге белсенді түрде ықпал етуі жазасын жеңілдетуге көмектесті.
Үкім заңды күшіне енбеген.