Көлік саласы егіннің жаңа астығын толық көлемде тасымалдауға дайын - Сауранбаев
Көлік саласы егіннің жаңа астығын толық көлемде тасымалдауға дайын. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.

- Қолданыстағы парк астық жүктерін тасымалдау үшін жеткілікті. Мысалы, астық таситын вагондар 16 мың 300-ге және ұн тасуға арналған жабық вагондар саны 16 мың 500-ге жетті. Ұлттық операторда 1 мың 700 локомотив бар, - деді министр.
Сонымен қатар ол мемлекетаралық пункттер астықты жоғары деңгейде тасымалдауға дайын екенін айтты.
- Ол үшін осы пункттерде пойыздарды өткізу мүмкіндігі жеткілікті. Мәселен, Өзбекстан және Орталық Азия бағытында өткізу қабілеті тәулігіне 42 пойызға, ал Қытай бағытына 43 пойызға жетті. Ресей бойынша 85 пойызға дейін мүмкіндік бар. Осылайша, экспорттау үшін резервтер қарастырылған. Мемлекетаралық пункттерінің мүмкіндіктері астықтың жаңа өнімін тасымалдауға жетеді. Көлік саласы егіннің жаңа астығын толық көлемде тасымалдауға дайын, - деді Нұрлан Сауранбаев.