Қостанай облысында полицейлер бақшасында қарасора өсірген тұрғынды қолға түсірді

22 Тамыз 2025

Қостанай облысында республикалық «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер тұрғынның бақшасынан тікелей есірткі жеткізу арнасын әшкереледі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР ІІМ
ҚР ІІМ

Тінту кезінде марихуана салынған 20-дан астам полиэтилен пакет пен орам тәркіленді. Сондай-ақ оның саяжайда қарасора өсіргені анықталды. Өсімдіктердің саны – 18 түп, барлығы мұқият күтіп-бапталған.

Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармалары бірлесіп жүргізген рейд барысында күдіктінің жұмыс орнынан да, тұрғын үйінен де заңсыз заттар табылды. Сараптама қорытындысы тәркіленген марихуананың жалпы салмағы 3,4 келі екенін көрсетті.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлердің айтуынша, өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Қарасора» жедел іс-шарасы жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары тыйым салынған өсімдікті өсіріп, заңсыз айналымға шығаруды көздегендердің барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Тегтер: