Қостанайда Qostanai AI Industry Hackathon 2026 жеңімпаздары анықталды

19 Қазан 2026

Қатысушылар өнеркәсіп пен білім беру саласындағы нақты міндеттерді шешуге арналған жасанды интеллект негізіндегі жобаларын ұсынды.

gov.kz
Фото: gov.kz

Қостанайда өткен республикалық Qostanai AI Industry Hackathon 2026 хакатонының қорытындысы бойынша Қостанай, Алматы және Астана қалаларынан келген үш команда команда 3 миллион теңге көлеміндегі жеңімпаз атанды. 

Хакатонның финалы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өтті. Байқауға 150-ден астам өтінім түсіп, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қостанай, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан 12 команда финалға жолдама алды.

Қатысушылар үш бағыт бойынша жұмыс істеді. «Қостанай минералдары» АҚ өндірістік нарядтарды беру мен олардың орындалуын бақылауды автоматтандыруға арналған «НарядAI» жүйесін әзірлеуді ұсынды. «Allur» компаниялар тобы» АҚ кейсі автомобиль зауытының цифрлық егізін жасауға арналды. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Qostanai Hub онлайн тестілеудің әділдігін қамтамасыз ететін локалды прокторинг жүйесін әзірлеу міндетін қойды.

Хакатонның алғашқы кезеңінде қатысушылар 90-нан астам шешім ұсынды. Әр бағыт бойынша үздік төрт команда іріктеліп, финалда өз жобаларын сарапшылар алқасына таныстырды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хакатонның ашылуында қатысушыларға құттықтау жолдап, ғылым, жоғары білім және экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, мұндай бастамалар ғылыми білім мен тың идеяларды өндіріс пен қоғамның сұранысына сай нақты шешімдерге айналдыруға, жастардың инженерлік және жобалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ елдің технологиялық жаңғыруына қажетті мамандар даярлауға ықпал етеді.

Qostanai AI Industry Hackathon 2026 хакатонын Қостанай өңірлік университеті, Qostanai Hub және Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы ұйымдастырды. Өнеркәсіптік серіктестер ретінде «Қостанай минералдары» АҚ мен «Allur» компаниялар тобы» АҚ қатысты.

Жобаларды бағалау нәтижесінде үш команда жеңімпаз атанды. «Қостанай минералдары» АҚ кейсі бойынша Қостанай қаласының FenixTech командасы үздік деп танылды. «Allur» компаниялар тобы» АҚ ұсынған тапсырмада Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің OpenToWork командасы жеңіске жетті. Ал локалды прокторинг бағыты бойынша Астана қаласының Astana IT University университетіндегі F5 Argus proctoring командасы үздік нәтиже көрсетті.

Хакатон жас әзірлеушілерге нақты өндірістік және білім беру міндеттерімен жұмыс істеуге, технологиялық шешімдерін тәжірибеде сынауға және әлеуетті тапсырыс берушілерге ұсынуға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар университеттер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өңірлердің цифрлық әлеуетін дамытуға және жасанды интеллект саласында білікті мамандар даярлауға жол ашады.

Тегтер: