Қырғызстан депутаттары орыс тіліндегі баяндаманы тыңдаудан бас тартты
Қырғызстан парламентінің депутаттары Аграрлық саясат, су ресурстары, экология және өңірлік даму комитетінің отырысында орыс тіліндегі баяндаманы тыңдаудан бас тартты.
⠀
Бұл туралы 24.kg хабарлады.
⠀
Жогоргу Кенеште баяндама салықтық емес кірістер бойынша Кодекске өзгертулер енгізу жобасы туралы орыс тілінде жасалуы керек болатын. Алайда комитет басшысы Аманқан Кенжебаев баяндамаларды тек мемлекеттік тілде тыңдау туралы шешім қабылдағанын айтып, ресми тілде баяндама жасауға рұқсат бергісі келмеді.
⠀
– Біз қырғыз тілін дамыту мақсатында баяндамаларды тек мемлекеттік тілде тыңдау туралы шешім қабылдаған болатынбыз, – деді комитет басшысы Аманқан Кенжебаев.
⠀
Бұған депутат Жаныбек Қыдықбаев баяндама Қырғыз Республикасының «Салықтық емес кірістер туралы» кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты және салық төлеушілер арасында орыс тілін білетіндер бар екенін айтты.
⠀
– Олай болса осы жолы баяндаманы тыңдайық. Ал келесі кездесуге қырғыз тілінде дайындалсын, – деді комитет басшысы.
⠀
Алайда оның ұсынысы қолдау таппады.
⠀
– Бізді бүкіл республика тыңдайды. Олардың 80 пайызы қырғыз тілінде сөйлейді, 10 пайызы орыс тілінде сөйлеуі мүмкін. Көпшілікті сыйлау керек, – деді депутат Әлішер Қозуев.