Мәжіліс депутаты Майқайың тұрғындары үшін қауіпсіздік жағдайын қарастыруды сұрады

17 Қаңтар 2024

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы «Майқайың Алтын» маңында орналасқан ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыруды сұрады.

Мәжіліс депутаты Майқайың тұрғындары үшін қауіпсіздік жағдайын қарастыруды сұрады

«Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамы аумағында орын алған апат қабырғамызды қайыстырды. Кәсіпорында қызмет атқаратын төрт бірдей азамат автобус ішінде кенеттен опырылған жер астына құлады. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі де беймәлім. Он күннен астам уақыт бойы іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Автобуста қалған екі азаматымыз да табылмады. Қақаған қыстың ызғарына қарамастан, тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен басшылығы қатысып отыр. Қажетті көмек әрбір отбасына көрсетіліп жатыр. Ең өкініштісі, құлаған жердің астында бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары да алаңдап отыр. Оған себеп — шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», — деді Ж. Амантайұлы Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, қазір 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етіп жатыр. «Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.

«Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Ал, енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады?», — деді депутат.

Бұл ретте ол комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек.

«Осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керек. Шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет. Еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолданылуы керек. Орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділ бағасын беруі тиіс», — деді қажет Жарқынбек Амантайұлы.

Тегтер: