Маңғыстауда балалардың тамақтан улануына жол бергендер жазаланады
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
«Бұған дейін бүкіл білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты мәселе заңнамалық база арқылы күшейтілген болатын. Жергілікті атқарушы органдар осы қабылданған ережені қатаң ұстануға тиіс. Мәселен, әрбір білім беру ұйымында бар бракераждық комиссия бұрындары аптасына бір рет тексеру жүргізсе, енді аталған комиссия тексеруді күнделікті жүргізе алады. Өңірлік мониторинг топтары да кез келген уақытта тексеру жүргізеді», — деді министр.
Сонымен қатар ол жергілікті атқарушы органдар да, балаларды тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлер де заңның талаптарын қатаң ұстануы және оны бұзбауы керектігін баса айтты.
Сонымен қатар министр балалардың тамақтан улануына байланысты кімдердің жазаланатындығына қатысты сұраққа сыдыртпа жауап берді.
«Аталған мониторинг жұмыстары жүргізілгеннен кейін міндетті түрде шара қабылданып, оны өздеріңіз естисіздер. Бұл оқиғаға қатыстылардың бәріне заңды тәртіптік жаза мен шара қолданылады», — деді Ғани Бейсембаев.