Мемлекет басшысы заңға қол қойды: Мәслихатқа қандай жаңа өкілеттік берілді

15 Шілде 2026

Президент «Мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Ақорда
Фото: Ақорда

Атап айтқанда, заңнамаға мәслихат аппараты басшысының құзыретін айқындайтын жаңа бап енгізілді.

Оның негізгі функциялары:

– мәслихат аппаратының қызметіне басшылық етеді;

- өз құзыреті шегінде аппарат қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

- мәслихат аппаратының «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және қызметтен босатады;

- мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылық жасайды;

- қызметтік тәртіптің сақталуын бақылайды;

- мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;

- мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін қарайды;

- өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;

- мәслихат сессияларын, тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарын ұйымдастырады;

- мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу туралы бұйрықтарды және мәслихат төрағасы немесе тұрақты комиссия төрағасы болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу жөніндегі құжаттарды дайындайды;

- депутаттардың біліктілігін арттыру іс-шараларын ұйымдастырады;

- заңнамада және басқа да нормативтік актілерде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Сонымен қатар мәслихаттарға мынадай құқықтар берілді:

- әкімдердің халықпен кездесулері барысында көтерілген проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарларының орындалу нәтижелерін қарау;

- бюджеттік комиссиялардың жұмысына қатысу;

- елді мекендерді санитарлық тазарту қағидаларын бекіту;

- тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдану.

Тегтер: