Мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді
Ел заңнамасына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
– Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді, – деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған заңнамалық түзетулер Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне, Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді.