Министрлерге өз пәтерін жалға беруге рұқсат берілмекші

2 Қазан 2024

Үкімет мүшелеріне өздеріне тиесілі тұрғын үйді жалға беруге рұқсат берілуі мүмкін.

Виктор Федюнин/Kazinform
Фото: из открытых источников

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты.

Мәжіліске заңнаманың кейбір нормаларын Конституцияға сәйкестендіруге арналған заң жобасын таныстырған шенеунік Үкімет мүшелеріне қойылатын талаптың бір бөлігі жойылатынын айтты.

«Үкімет туралы» Конституциялық заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл туралы» Заңда мұндай тыйым көзделмегендіктен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнан Үкімет мүшелеріне өздеріне тиесілі тұрғын үйді жалға беруге тыйым алынып тасталады. Яғни, Үкімет мүшелері басқа саяси мемлекеттік қызметшілермен қатар өздеріне тиесілі үй-жайларды жалға бере алады», - деді ол.

Агенттік өкілі өзге мемлекеттік қызметшілерде мұндай құқық бұрыннан бар екенін еске салды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен табыс алу құқығы бекітілген болатын. Осыған ұқсас норма «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда бар және қолданылады», - деді Ұлан Сарқұлов.

Тегтер: