Моңғолия Қазақстаннан бидай импорты көлемін арттыруға қызығушылық танытты

21 Сәуір 2026

Моңғолия Қазақстаннан бидай импорты көлемін арттыруға қызығушылық танытты. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен айтты.

canva
Фото: canva

- Моңғолия Президенті ретінде 20 жылдан кейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келу құрметіне ие болғаныма қуаныштымын. Делегациямызды жылы шыраймен және қонақжайлықпен қарсы алғаныңыз үшін Қазақстан Үкіметі мен достас халыққа шын жүректен алғыс білдіремін, - деді Моңғолия Президенті.

Мәртебелі мейман бұл сапары тарихы ортақ екі халықтың достығын одан ары нығайтып, екі елдің ынтымақтастығын кеңейте түсеріне сенім білдірді.

- Сіздің бастамаңызбен, бүкіл халықтың қолдауымен өткізілген референдум барысында жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен құттықтаймын. Бұл тарихи оқиға Қазақстанда демократияны, заң үстемдігін, адам құқықтары мен бостандығын нығайтып, экономикалық дамудың жеделдеуіне берік негіз боларына сенімдімін. Қазақстанды жақын серіктесіміз, Орталық Азиядағы мығым көпір деп санаймыз. Экономикалық ынтымақтастығымызды мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, туризм сынды көптеген салалада дамытуға әлеуетіміз зор. 2024 жылғы сапарыңыз кезінде 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жол картасы бекітіліп, өзара тауар айналымын 500 млн долларға жеткізу мақсаты қойылды. Қазақстаннан жеміс-жидек, көкөніс, бидай, сонымен қатар сапалы бидай тұқымы көлемін арттыру үшін ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндігіміз бар, - деді Ухнаагийн Хурэлсүх.

Тегтер: