Назарбаевтардың жұмақ һәм жұмбақ аралы

26 Мамыр 2022

Ақорданың іргесінде, Есілдің арнасындағы табиғаты тамаша жерде шағын арал бар. Бұл жерді жұр «Құлыбаевтың аралы» деп атайды екен. Алайда бұл арал Құлыбаевтан да құдыретті адамдардың меншігі болып шықты.

Айналасының бәрі биік дуалмен қоршалған аралда бірнеше зәулім сарай, оңаша көл, тікұшақ қонатын алаңқай және бәрінен де үлкен «хан ордасы» бар. Осының бәрін полицияның арнайы жасағы күзетеді, арал аумағына жан баласы аттап баса алмайды.

Аралдың ресми атауы – «Зеленый остров». Жасыл десе дегендей-ақ, айналасы жасыл желекпен көмкерілген аралдың айналасындағы жұртты 2007 жылы сол кездегі астананың әкімі бықпырт тигендей қуалап, жер телімдерін тартып алған. Ол кезде әкім Асқар Мамин еді.

2007 жылы «Азаттыққа» түсініктеме берген жергілікті тұрғын Мария Сосовой «Жасыл аралдан» Дариға Назарбаев, Рашид Түсіпбеков, Өмірзақ Шөкеев коттедж салып алғанын айтқан-ды.

Дариға Назарбаеваның жайы белгілі, ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш қызы. Рашид Түсіпбеков сол кезде Бас прокурор, ал Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған. Шөкеев Маминнің алдында ғана Астананың әкімі болған. Әсілі, сол кезде «Жасыл аралдан» еншісін алып қойса керек.

Кеше Назарбаев әулетінің «достары» жасыл аралдың кімге тиесілі екенін дәлелдейтін құжатты жарыққа шығарды.

Кадастрлық реестрден байқасаңыз, 73 мың шаршы метрге жуық жер телімі күні кешеге дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атында тұрған. Және де бұл жерді 2007 жылы Астана қаласының әкімдігі өз қаулысымен Н.Назарбаевқа берген. Сол жылы Әділет министрлігінде сыйға тарту туралы келісімшарт тіркелген. Яғни Н.Назарбаев 73 мың шаршы метр жасыл желекті жерді мемлекеттен сыйға алған.

Биыл 20 қаңтарда Н.Назарбаев бұл жерді 2005 жылы туған Нұрсұлтан Тауманға сыйлапты. Тауманды жұрт «Нұрсұлтанның үлкен ұлы дейді. Қаңтар бүлігінен кейін Назарбаевтың әлгі аралдағы атшаптырым жерді басқаға емес ұлы Тауманға сыйласа, оның себебі белгілі. Бәлкім, қазіргі билік ұлына жұмсақтық танытар деген шығар…

Бұдан бөлек, Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаев және қызы Құндыз Назарбаева да аралдағы жердің иелері болып шықты.

Назарбаевтардың жұмақ һәм жұмбақ аралы
Тегтер: