Оқу бағдарламаларының және оқулықтардың мазмұны қайта қаралады

18 Наурыз 2026

Жаңа Конституция білім мазмұнын жүйелі түрде жаңартуға кең мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер мектепке дейінгі білімнен бастап, орта мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру, қосымша білім беру және тәрбие жұмысы жүйелерін тұтастай алғанда, бүкіл білім кеңістігін қамтиды. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

canva
canva

Оның ішінде мемлекеттің жалпыға білім беру стандарттарын жаңарту және экологиялық білім беру стандарттарын дайындау қарастырылған.

– Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтіп, білім сапасына көңіл бөлетін болады. Ақпараттық технологиялар саласын және цифрлық құзіреттерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі басымдық бастауыш деңгейін нығайтуға арналады. Себебі дәл осы кезеңде баланың алдағы білім беру жолын айқындайтын базалық білім, дағдылар және құндылықтар қалыптасады, - деді министр.

Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың мазмұны да қайта қаралады. Сонымен бірге жыл сайын 1-сынып оқушыларына негізгі пәндердің жұмыс дәптерлері беріледі.

– Мұндай тәсіл – сапаға бағытталған заманауи әрі тұрақты білім беру жүйесін қалыптастыру үшін зор мүмкіндік. Бастауыш мектептің берік негізі оқушылардың білім алуының барлық келесі деңгейінде табысты дамуына тірек болады, - деді Ж. Сүлейменова.

Ал 5-9 сынып оқушыларына іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі.

– Сонымен бірге 8-9 сыныптарда Қазақстан географиясы пәнін аптасына екі сағат көлемінде қайта енгізу қарастырылып жатыр. Оқу бағдарламалары іргелі білімді кезең-кезеңімен нығайтуға арналады. Жоғары сыныптарда барлық негізгі пәнді міндетті түрде оқыту заңнамалық тұрғыда бекітіледі, - деді министр.

Одан бөлек кәсіптік және техникалық білімнің сапасына да көңіл бөлінбек.

– Оқу-ағарту министрлігі өнеркәсіп және колледж арасындағы байланысты барынша нығайту үшін металлургия, құрылыс және ІТ компаниялармен нақты жобалар және өндірістегі тәжірибе мен теориялық дайындықты тиімді ұштастыратын дуальды оқыту жүйесін күшейтеді, - деді Ж. Сүлейменова.

Сондай-ақ педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, құзіретін дамыту, ұстаз мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар да жалғасады.

Тегтер: