Ольга Рыпакова ХОК президенті Томас Бахпен кездесті

9 Ақпан 2025

Азия Олимпиадалық Кеңесі (АОК) Атқарушы комитетінің мүшесі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшылар комиссиясының төрайымы Ольга Рыпакова Харбинде өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) президенті Томас Бахпен кездесті.

olympic.kz
olympic.kz

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, кездесу барысында Томас Бах Ольга Рыпакованың жетістіктерін атап өтіп, оның олимпиадалық құндылықтарды дамыту мен қолдауға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Қазақстанның ірі халықаралық спорттық жарыстарды, соның ішінде жеңіл атлетика бойынша жарыстарды өткізуге жоғары әлеуеті бар екенін айтты.

Өз кезегінде Ольга Рыпакова бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, алғысын білдірді.

– Ең алдымен, олимпиада чемпионы ретінде Томас Бахпен жеке кездесу мен пікір алмасу – мен үшін үлкен құрмет. Біз тек қазақстандық спорттың ғана емес, жалпы олимпиадалық қозғалыстың дамуы туралы әңгімелестік. Болашақта халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін, – деді олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.

Еске сала кетейік, Ольга Рыпакова спорттық мансабында үш рет Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған. Ол 2012 жылы Лондонда алтын, 2008 жылы Бейжіңде күміс, ал 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медаль жеңіп алды.

2024 жылдың қыркүйегінде Азия Олимпиадалық Кеңесі Атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар ол Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті.

Тегтер: