Олжас Бектенов ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кету себептерін атады

19 Наурыз 2024

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кету себептерін атады.

Олжас Бектенов ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кету себептерін атады

«Әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайды. Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Қазіргі уақытта Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы жүйеде қамтылған. Тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс. Алайда стандарттар жүйесін басқа бағдарламалық құжаттармен, соның ішінде ұлттық жобалармен өзара үйлестіру мәселесі шешімін таппай келеді. Осының кесірінен ауылдардың сұраныстары тиімсіз жоспарланады. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет», — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауыл мектептері аз емес. Денсаулық сақтау ғимараттары тапшы. Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр.

«Сондай-ақ ауызсу мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек. Осы міндеттерді кезең-кезеңмен шешу үшін салықтардың және бюджетке түсетін төлемдердің кейбір түрлерін ауылдық округтердің бюджетіне беруді жалғастыру қажет. Сондай-ақ жеке бастамаларға белсенді қолдау көрсету керек. Әрбір бизнес субъектісі экономикалық жауапкершілікпен қатар, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де терең сезінуге тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алатындығын баса айтты.

«Мәселен, былтыр Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан шыққан кәсіпкер сол елді мекенге үлкен мектеп салып берді. Ақмола облысының Қараөткел ауылында жеке қаражатқа балабақша салынды. Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысына, жолдарды жөндеуге, көшелерді абаттандыруға, қоғамдық демалыс орындарын салуға қолдау көрсетуде. Елімізде мұндай жақсы мысалдар жеткілікті. Әкімдіктер ауыл тұрмысын жақсарту ісіне бизнесті де белсенді жұмылдыруға тиіс. Сонымен қатар әкімдіктер ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесін шешуі қажет. Келген мамандарға, әсіресе жастарға қолдау көрсету керек. Ол үшін «Дипломмен ауылға» жобасы бар. Жалпы, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселелер жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып, шешілуге тиіс», — деді Премьер-Министр.

Тегтер: