Олжас Бектенов барлық меморганға Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік органдарға жаңа Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күні кеше Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
— Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет. Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.