Олжас Бектенов былтырғы құрғақшылық туралы: Зардаптардың алдын алуға болатын еді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында оңтүстік өңірлердегі құрғақшылық циклінің зардабын ылғал көп қажет етпейтін дақылдардың алқабын кеңейту арқылы азайтуға болатынын айтты.
«Естеріңізде шығар, өткен жылғы қолайсыз ауа райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізген болатын. Көптеген зардаптардың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуға болатын еді. Құрғақшылыққа төзімді сорттар бар», — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол әкімдіктердің жоғары жаққа беретін жалған мәліметтері саладағы проблемаларды шиеленістіріп жатқанын атап өтті.
«Егіс алқаптарының құрылымынан дәнді-дақылдарды әртараптандыру қарқыны төмен екенін байқауға болады. Әкімдіктердің тарапынан бұл бағытта белсенді жұмыс көрінбейді. Диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар.
Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі.
Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді», — деді Премьер-министр.