Олжас Бектенов «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобы атқарушы хатшысы Жером Бомонмен кездесті
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының атқарушы хатшысы Жером Бомонмен кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйым төрағасы Эльжбета Франков-Яскевичпен келіссөздері барысында бұрын белгіленген бағыттар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Активтерді қайтару мен қаржылық барлаудың тиімділігін арттыруды қоса алғанда, кірістерді заңсыз шығаруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы бірлескен әрекет тетіктері қаралды.
Жером Бомон Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады және серіктестікті дамытуға дайын екенін білдірді.
Олжас Бектенов «Эгмонт» тобының қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі негізгі халықаралық платформа ретіндегі маңыздылығын атап өтті және Қазақстанның кірістерді заңсыз шығаруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық стандарттарға бейілді екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаһандық қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Анықтама: «Эгмонт» тобы – әлемнің 182 юрисдикциясының халықаралық бірлестігі. Ұйым өз мүшелеріне арнайы қорғалған байланыс арнасы арқылы ақпарат алмасу мүмкіндігін ұсынады. 2023 жылдан бастап Қазақстан «Эгмонт» құрылымында өңірлік өкіл қызметін атқарады.