Онлайн казиноны жарнамалаған блогерлер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін

4 Қыркүйек 2025

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлердің қызметін тексеру жұмыстарына түсінік берді.

canva
canva

- Блогерлерге қатысты ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Онлайн казиноны жарнамалаған 34 блогердің әрекетін зерттедік. Қазақстан аумағында заңсыз қызмет еткен казиноларға тосқауыл қойдық. Алайда онлайн казинолар шетелде іске қосылады да, еліміздегі блогерлер арқылы жарнама жасайды. Осының салдарынан тұрғындар құмар ойындардың шырмауына түседі. Сондықтан блогерлерге қатысты Мәдениет министрлігіне тиісті ақпаратты жолдадық. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал қалғандарына қатысты жаза қарастырылып жатыр, - деді Ж.Елемесов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, егер блогерлер осы казиноларды ұйымдастыру немесе кірісті бөлісу іс-шараларына қатысты болса, онда қылмыстық істе сыбайлас ретінде қарастырылады.

- Ал жарнамалауға әкімшілік жаза ескерілген. Дегенмен, жазаны қатаңдату бастамасын көтердік, яғни онлайн казиноны жарнамалағаны үшін қылмыстық жазаны ұсындық, - деді агенттік өкілі.

Тегтер: