Өңірлердегі Төтенше жағдайлар департаменттері күшейтіледі

24 Қазан 2024

Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттері, Өрт сөндіру қызметтері және жедел-құтқару жасақтары Төтенше жағдайлар департаментіне біріктіріледі. 

ҚР Үкіметі
ҚР Үкіметі

Бұл туралы Мәжілісте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.

«Қазіргі уақытта министрліктің қызметі «теориядан практикаға» көшуге бағытталған. Осыған байланысты халықты төтенше жағдайлардан қорғауды арттыру бойынша шаралар кешені қабылданды. Ең алдымен, қызметтердің жүйесіздігі Төтенше жағдайлар кезінде жедел ден қоюға кері әсерін тигізді. Осыған байланысты дара басшылық қағидатына негізделген «вертикалды басқару билігін» құру шешімі қабылданды. Өңірлердегі Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттері, Өрт сөндіру қызметтері және жедел-құтқару жасақтары Төтенше жағдайлар департаментіне біріктірілетін болады. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелерін кешенді және жедел шешуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Судағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін алғаш рет «Теңіз жасағы» және ТЖ аймақтарында гуманитарлық жүктерді қорғауға арнайы мақсаттағы «Айбат» бөлімшесі құрылды.

«Министрліктің аппаратында Төтенше жағдайларды болжау, модельдеу және талдау үшін заманауи цифрлық жүйелерімен жабдықталған Командалық орталық құрылды. Ол Жедел штабтың функцияларын жүзеге асырумен қатар, елдегі жедел жағдайды басқарып, қажет болғанда қосымша күштер мен құралдарды ұлғайтады. Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында қауіпсіздікті нығайту үшін ТЖМ әскери бөлімдері есебінен құтқару батальондары жасақталды. Бұл төтенше жағдайларды жедел жоюға және қаржылық шығыстарды қысқартуға мүмкіндік берді. Өртке қарсы қызмет комитетіне қадағалау функциялары қайтарылды. Бұл қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және еліміздегі өрт қауіпсіздігін біртіндеп жақсартуға мүмкіндік береді. Басты назар табиғаттағы тұтану ошақтарын ертерек анықтауға және өрттердің алдын алуға аударылды. Мәселен, орман қорын тәулік бойы бақылау үшін Командалық орталықта «Орман» және «Табиғат» бейнебақылау жүйелері қосылды», - деді министр.

Тегтер: