Өрт қауіпсіздігіне спутниктен мониторинг жүргізетін жүйе жетілдіріледі

15 Сәуір 2025

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында өрт қауіпсіздігіне спутниктен мониторинг жүргізетін жүйе жетілдірілетінін айтты.

canva.com
canva.com

— Табиғи өрттердің туындау қаупінің алдын алу үшін министрлік өрт қауіптілік класы мен өрт қауіптілік индексін көрсететін карта әзірледі. Аталған карта mchs.gharysh.kz геоақпараттық жүйесінде және Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесінде қолжетімді. Бұл тәсіл жерүсті метеостанциялары мен Жерді қашықтан зондтау спутниктік деректерін біріктіреді. Нәтижесінде бүкіл ел аумағы қамтылып, болжам дәлдігі артады, — деді ол.

Сондай-ақ, цифрлық технологиялардың көмегімен өрт болуы мүмкін жердегі ең ыстық нүктелерді бақылау арқылы өрт қауіпсіздігінің беталысы болжау тәсілі сынақтан өтіп жатыр.

— Температурасы қалыптан тыс жоғары аймақтар спутник арқылы тіркеліп, жерүсті станциясына беріледі және 2–4 сағат ішінде картада көрсетіледі. Қазіргі таңда Экология және Төтенше жағдайлар министрліктері бұл карталарға mchs.gharysh.kz геоақпараттық жүйесінде және Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесінде қол жеткізіп отыр. Көрсету уақытын 30 минутқа дейін қысқарту үшін шілде айында жерүсті станциясын жаңғырту жоспарлануда, — деді Жаслан Мәдиев.

Тегтер: