«Өз ісімді ерлік деп есептемеймін...»

23 Маусым 2024

Дархан Нағашыбайұлы КЕМЕЛТАЕВ – қарапайым отбасында тәрбие алған, қатардағы полиция қызметкері ғана.

men
men

Алайда, «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» дегендей, Ақтөбеде болған су тасқыны кезінде Дархан бірнеше адамның өміріне араша түсті. Күн демей, түн демей, табиғи апаттың беті қайтқанша ауылдастарын қауіпсіз аумаққа шығарумен, босаған үйлерді күзетумен, жалпы, өзіне тапсырылған жауапты міндетті адал атқарды. Бүгін біз бейбіт өмірде ерлік жасаған батыр ұлды әңгімеге тарттық.

- Дархан, өзіңді қысқаша таныстырып өтсең?

Мен 1986 жылдың 20-қарашасында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Тұмабұлақ ауылында дүниеге келдім. Ауылдық мектепті бітірген соң, Ақтөбе қаласындағы «Қайнар» университетін тәмәмдап, психолог-педагог және заңгер мамандығы бойынша жоғары білімді маман дипломын алып шықтым.

2009 жылы әскерге алынып, Алматы облысы Қонаев қаласындағы №28079 әскери бөлімінде Қазақстан бейбіт бітімгерлік батальонында (ҚазБат) азаматтық борышымды өтедім.

Әскерден келе салып, аудандық әскери басқармада қызмет еттім. 2013 жылы өз қалауыммен полиция қызметіне аусып, осы күнге дейін Әйтеке би ауданында учаскелік инспектормын. Полиция майоры шенінде еліме қызмет етіп жүрмін.

- Отбасы жағдайың жайлы?..

- Үйленген, отбасылымын. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмын. Жұбайым да жоғары білімді, мамандығы экономист. Қазір баламен декреттік демалыста.

Бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Мектепте күреспен айналыстым. Қызметтес жігіттермен бірігіп, футбол ойнап тұрамыз. Үнемі физикалық қалыпты сақтау үшін темір көтеріп, алыс қашықтыққа жүгіріп, спорттық жаттығулар жасап тұрамын.

men
men

- Көктемгі алапат тасқын әлі де есімізден шыға қойған жоқ. Жергілікті билік ғана емес, сол кезде бүкіл ел боп жан сала арпалысты. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін басыңды бәйгеге де тіктің, сол жайлы айтсаң?..

- Әйтеке би ауданында орналасқан Т.Жүргенов ауылының жанында үлкен су қоймасы бар. Көктемгі қар суларының көптеп жиналуына байланысты, 29-наурыз күні таңғы 4-те сол су қоймасы бұзылып, жақын ауылдарды су баса бастады. Жергілікті әкімшілік те су бөгетінің бұзылу қаупі барын алдын-ала біліп отырған болатын. Дереу мұзжарғыш мамандардың көмегімен, табиғи апаттың алдын алуға қатысты жұмыстар жүргізілді.

Аудан әкімінің бұйрығымен төтенше жағдай жарияланапы, ауыл адамдарын қауіпсіз аумаққа көшірумен айналыстық. Бұл іске құтқарушылар, еріктілер, ауыл тұрғандары бір кісідей атсалысты. Соның өзінде, қауіпті аумақта орналасқан үйлердің кейбір тұрғындары басқа жаққа эвакуацияланудан бас тартқандары болды. Біздер, полиция қызметкерлері халқы көшірілген ауылда ұрлық-қарлық, өрт, тағы басқа төтенше жағдай орын алмас үшін күндіз-түні үй бетін көрмей, жұмыс басында жүрдік.

Бөгет бұзылған кездегі судың күркіреп ауылға қарай келген кезі өте қорқынышты болды. Ауылда жарық өшіп, байланыс үзілді. Сумен бірге көлемі киіз үйдің орнындай алып мұздар ағып келіп, жолындағы бағандар мен үйлерді, қораларды қопарып кетті. Табан астында ел абыр-сабыр болып, көлік түгілі, қайықпен жүрудің өзі мүмкін емес еді. Қаншама мал мен құс су астында қалды, үйлер қирады, елдің мүлкі ағып кетті.

Түн ортасында судың таяз жерін қуалап, үйлердің, қоралардың үстімен өрмелеп, мұздай суды кеңірдектен кешіп жүріп, адамдары қалып қойған үйге келсем, отбасы мүшелері алаңсыз ұйықтап жатыр екен. Жанымдағы серігім ересек балаларын жетектеп, мен екі мүгедек кісіні арқалап, әйтеуір, әупірімдеп аман шықтық. Мен өз ісімді ерлік жасадым деп есептемеймін, ол менің қызметтік міндетім, азаматтық борышым. Қуанарымыз – осы табиғи апат кезінде бірде-бір кісі шығыны болмады. «Орнында бар - оңалар» дейді ғой, барлық шығынның өтемі болады, өлген малдың басы көбейеді, ал, адам баласы жазатайым суға ағып кетсе немесе су астында қалса, ең қасіреті сол ғой!

- Дархан, өмірлік ұстанымың қандай? Қызмет бабында немесе қарапайым әке ретінде алға қойған мақсатың бар ма?

- Өмірлік ұстанымым – «Қарғыс алма, алғыс ал!» деген қағида. Қызметте жүргенде де, қарапайым өмірде де қолымнан келгенінше елге көмегімді беріп, жәрдемімді тигізіп жүргенді жақсы көремін. Менің түсінігімде, елімізде әрбір адам күндіз болсын, түнде болсын, қауіпсіздікті сезініп, еркін жүріп-тұруы керек. Азаматтарымыз өз өмірі үшін, үй-мүлігі, бала-шағасы үшін қауіп ойламай, тыныш өмір сүруі керек. Ал, ондай тыныштық пен бейбіт өмірге ең әуелі полиция қызметкерлері аса жауапты деп есептеймін.

Жалпы, менің мақсатым – қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігіне қызмет ететін полиция мамандығын адал алып жүру, халқыма адал қызмет ету. Полиция қатарында атқарған еңбегім елге сіңіп, абыроймен зейнетке шықсам, кейін балаларым мені мақтан етсе, үлгі тұтса деймін.

- Сұхбат беріп, өз пікіріңмен бөліскеніңе рахмет! Отан алдындағы еңбегің жемісті болсын!

Тегтер: