Павлодар облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты
ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

19 сәуірде Баянауыл ауданы Бірлік ауылының маңында «Қалқаман-Керней» автожолының 250-ші шақырымында Pontiac және Lada Granta автомобильдері соқтығысқан.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттың себебі автомобильдердің бірі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.
— Апат салдарынан екі жүргізуші де, екі жолаушы да, оның ішінде жас бала да сол жерде қаза болды. Әртүрлі жарақаттары бар тағы бір кәмелетке толмаған бала ауруханаға жеткізілді, — делінген хабарламада.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
— Павлодар облысының Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады, — делінген хабарламада.