Президент Қосшыны дамыту бойынша тапсырма берді
Мемлекет басшысы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірді өркендету перспективасы жөнінде баяндалды.
Марат Ахметжанов облыста барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім сақталып отырғанын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы:
Өңір ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 1,2 триллион теңгеге дейін жеткізіп, елдің аграрлық секторының көшбасшысы ретіндегі орнын нығайтуды көздеп отыр;
Биыл өнімділігі өте жоғары, соның ішінде майлы дақылдар алқабы 2,5 есе ұлғайды.
Инвестициялық жобалар:
Аршалы ауданында республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құрылды;
Жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын инвестициялық портфель жасақталды. Осы арқылы 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
Әлеуметтік инфрақұрылымдар:
Соңғы екі жыл ішінде 4,7 мың тұрғын баспаналы болды. Бұл алдыңғы жеті жылдың көрсеткішіне тең;
Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы 29 пайызға азайды;
Қосшы қаласында үлескерлердің мәселесі оң шешіліп жатыр.
Білім:
Екі жыл ішінде 21 мың оқушыға арналған 33 нысан бой көтерді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірде апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық:
Жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатыр;
Көкшетауда электр қуаты 240 Мвт, ал жылу қуаты 520 Гкал/сағат болатын жылу электр орталығы салына бастады;
Су тазарту нысандарының құрылысы аяқталуға жақын;
Облыс орталығында тұратын 200 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады;
Жыл соңына дейін 9 елді мекенге газ құбыры тартылады.
Президент:
Реновация бағдарламасы арқылы халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамтудағы облыстың оң тәжірибесін атап өтті.
Егін жинау науқанын ұйымдастыру, Қосшы қаласының дамуы бойынша тиісті шараларды қабылдау, су тасқынына қарсы жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ инвестиция тарту жөнінде нақты тапсырма берді.