Референдум – болашақтың жемісі

3 Шілде 2023

Былтырғы жылдың наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде референдум өткізу қажеттігі саяси бағдарламаларды жүзеге асырудан туындағанын айтқан болатын.

Референдум – болашақтың жемісі

Соның нәтижесінде 2022 жылдың 5 маусымында республикалық референдум өткізілді. Жалпы заңдылық бойынша референдумға 18 жасқа толған сол елдің толыққанды азаматы саналатын дауыс беруге құқығы бар азаматтар қатысады.

Референдум арқылы Ата заңымызға енгізілген өзгерістер бойынша  еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Конституцияға енгізілген өзгерістерден не күттік, нені ұттық? Бұл сауалды көпшілікке қойып көрдік.

«Былтырғы жылы еліміздің тарихында үшінші мәрте өткізілген жалпыхалықтық референдумда көптеген өзгерістер енгізілді Ата заңымызға. Ең әуелі мынаған басымдық беріп, салмақ сала айтқым келеді. Референдумнан кейінгі өзгеріс бойынша Президенттің ет жақыны, туыстары  мемлекеттік қызметкер бола алмайды, тіпті квазимемлекеттік сектеорда да басшылық лауазымға тағайындалу құқығынан айырылды. Былайша айтқанда Президенттің ағасы, әпкесі болсын, балалары да ұлттық компаниялардың басшылығы сынды лауазымды қызметке тағайындала алмайды. Тәуелсіздігімізді жариялаған отыз жылдың ішінде бірінші Президенттің жақындары қандай лауазымды қызметтерді атқарғанын ел жақсы біледі. Сондықтанда мұндай өзгерістің енгізілгенін өзім құптаймын. Әрі жүзеге асырылғанын да мемлекетіміздің өркендеу өрісінде дұрыс жолды таңдағанын бағамдаймын», – дейді Алматы қаласының тұрғыны, жазушы Ерғали Бақытнұрұлы.

«Ең бірінші мынаны түсініп алғанымыз абзал. Референдум – ең алдымен халықтың дауыс беруі. Дауыс беруге құқығы бар, 18 жасқа толған сайлауға қатыса алатын әрбір азамат дауыс беруге құқылы. Ұтымды тұсы халық өзінің құқығын қолдануға одан әрі зор мүмкіндік алады деп айтуға болады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерге халық келісетінін не болмаса қарсы екенін референдумда дауыс беру арқылы айқындайды. Қорыта айтқанда халықтың да билікке өзінің талап-тілегін айтып, жоғарыдағыларды өзіндік пікірімен санастыруға ұмтылыс деп қабылдаған да артық болмайды. Жаңа Қазақстанды құрып, ілгер қадам басудың алғышарты ретінде өткізілген референдумнан үміт күтсек, жүкті жұмыла көтеруіміз қажет. Әлеуметтік тұрғыдан жағдайымызды жақсарту қажеттігін әркім өзі жете сезінуі тиіс.  Ата заңымызға енгізілген 33 өзгеріс жаңа Қазақстанды құруға бағытталып отыр», – дейді «Қазақстан заңгерлер одағы» ҚБ төрағасы Серік Ақылбай.

Референдум арқылы жүзеге асырылған өзгерістің бірі деп бірқанша биліктің өкілеттілігін қайта бөлуді айтуға болады. Мысалы, бұған дейін жоғарғы Палата саналатын Сенатта Президент тағайындайтын сенаторлардың мандаты 15 болатын. Бұдан былай ол сан қысқарып 10-ға түсті. Оның ішінде бес орынға Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы өз кандидаттарын ұсынады. 

Сенаттағы депутаттарға да бірнеше құқықтар берілді. Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот Кеңесі төрағалары лауазымына Президент ұсынған кандидаттарды келісу құқығы берілді. Парламенттің мәртебесін арттырып, рөлін нығайту мақсатында да бірқатар алға басушылық байқалады. Мәжіліске депутаттар аралас сайлау жүйесі және мажоритарлы негізде сайланды.

«Мажоритарлық жүйе бойынша саулауға түсу мүмкіндігі қайта енгізілген соң тәуекел деп додаға түсуге бел будым. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай ел спортын өркендетуге, оның ішінде жекпе-жек өнерін өрістету мақсатында  еңбек еттік. Қашанда халықтың ішіндеміз, мұң-мұқтажын да,  жоғарыға жеткізуге ықыласты бұйымтайын да естіп, білім жүрміз. Сол себепті де өзіміздің үнімізді Парламентте айтайық деп атқа қондық. Сайлаушылардың үлкен қолдауы мен демеуінің нәтижесінде Алматы облыстық №12 сайлау округінен Мәжіліс депутаты болып сайландым. Додаға қосылғаннан кейін бір айға созылған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында да көп жайтқа қанықтың, елдің шалғай ауылдарын аралап ағайынның арзу-арманын тыңдадық, талап-тілегін білдік. Сайлауалды бағдарламамызда көрсеткеніміздей алда атқарар шаурамыз өте көп. Тағы бір айта кетерлігі сайлау, яғни саяси дода әділ әрі ашық өтті деп сеніммен айта аламын. Мен сияқты жекелеген азаматтардың мажоритарлық жүйемен сайлауға қатысып, Мәжіліс депутаты болуға мүмкіндік берген, жол ашқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғыс айтуға тиіспіз. Референдум негізінде енгізілген өзгерістер бойынша мәжілістің құзіреттілігі бұрынғыдан да нығая түсті. Мысалы, республикалық бюджеттің жұмсалуын депуттардың бақылауы күшейтіле түседі. Айырықша қажеттілік туындай қалғанда  заңдарды жедел қабылдау тәртібі де енгізіліп отыр. Жаңа Қазақстанды өркендетіп, дамытуға бағытталған референдумның жемісін алдағы уақытта бәріміз көреміз деп сенім артамын», — дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов.

Қорыта айтқанда демократиялық бағытта дамудың жолын таңдаған жаңа Қазақстанның тұғырын нығайта түсетін қадам деп айтуға болады, былтыр жалпыхалықтық сипатта өткен референдумды.

Сауыт Әшім

Тегтер: